19/05/2024  Воскресенье
Государственное учреждение

Ревизионная комиссия
Мангистауской области

Маңғыстау облысы бойынша

тексеру комиссиясының 19.10.2018ж. №02-02/13

қаулысымен бекітілген

АУДИТОРЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ

I. Кіріспе бөлік

1.1. Аудиторлық іс-шараның атауы: «Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне бюджеттік бағдарламалар бойынша бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізу.

1.2. Мемлекеттік аудиттің мақсаты: «Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне бюджеттік бағдарламалар бойынша бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізу.

1.3. Мемлекеттік аудиттің объектілері:

1) «Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі(одан әрі – Мекеме);

2) Үстеме бақылаумен «Ақбота» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі – Кәсіпорын) қамтылды.

1.4. Мемлекеттік аудит тобының құрамы: мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бөлімінің басшысы А.Н. Таганов (сертификат №1266) және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бөлімініңбас маман – бас мемлекеттік аудиторлары С.А. Ордабаев (сертификат №1421), А.О. Рзамбек (сертификат №0165).

1.5. Мемлекеттік аудитпен қамтылған кезең: 2016 жылдың 01 қаңтарынан – 2018 жылдың 30 маусымын қоса алғандағы аралығы.

II. Негізгі (талдамалық) бөлік:

2.1. Өңірлік бөліністе аудиттелетін саланың, соның ішінде мемлекеттік басқарудың және (немесе) экономика саласының, әлеуметтік-экономикалық дамудың ағымдағы жай-күйін жиынтық талдау:

«Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Бөлім) миссиясы аудан аумағындағы білім саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және балалар мен жасөспірімдердің білім алуын қамтамасыз ету. Бөлімөз қызметінде жалпыға міндетті білім берудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес жасалған негізгі бағдарламаны іске асырады. Меншік түріне және ведомствалық бағыныштыларына байланыссыз жергілікті бағыныштылықтағы білім ұйымдарындағы оқу – тәрбие беру процесінің мазмұнының мемлекеттік жалпы міндетті білім стандарттарына сәйкестігін мерзімді бақылау жүргізеді.

Қазіргі таңда Маңғыстау ауданында 21 мектеп, 1 кешкі жалпы білім беру орта мектебі, 1 балалар өнер мектебі қызмет етеді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша аудандағы 24 балабақшада (19 мемлекеттік, 5 жекеменшік балабақша) 1535 бала тәрбиеленуде.

Халықты рухани азықтандыру бағытында 1 орталық кітапхана, 1 балалар кітапханасы, 13 ауылдық кітапханалар жұмыс жасайды.

Ауданда балалар мен жасөспірімдер мектебі, 1 күрес, 2 бокс залдары, 1 жүзу бассейні, 1 орталық стадион, Тұщықұдық, Шебір, Шайыр, Ақшымырау, Қызан, Өтес, Жыңғылды ауылдарында спорт залдар және әр елді мекендерде спорт алаңдары бар.

2.2. Өңірлік бөліністе аудиттелетін салаға, соның ішінде мемлекеттік басқаруға және (немесе) экономика саласына, әлеуметтік-экономикалық дамуға жүргізілген мемлекеттік аудиттің жиынтық нәтижелері:

Мемлекеттік аудитпен«Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Ақбота» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны (үстеме бақылау) қамтылды.

Мемлекеттік аудит объектілерінде сәйкестік аудиті «Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының сақтауын тексеру» базалық көрсеткіші негізінде жүргізілді.

Тәуекелдердің болуы мен дәрежесі – тексерілетін саладағы бюджет қаражаты мен активтерінің пайдаланылуына немесе мемлекеттік аудит объектісінің қаржылық-шаруашылық қызметіне теріс әсер ететін, салдарынан бұзушылықтар мен кемшіліктер болуы мүмкін қандай да бір факторлардың (іс-қимыл немесе оқиғалардың) болуын айқындау.

Орын алған факторлар:

- мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тарапынан тиісті дәрежеде бақылаудыңболмауы салдарынан аудитпен қамтылған кезеңде бюджеттік бағдарламалар жасалмаған, бұл болса бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің нәтижелер үшін жауапкершілігінің төмендеуі және орындаушылармен бюджеттік бағдарламалардың мақсат, бағыттарын жете түсінбеуі себепті бюджет қаражаттарын нысаналы пайдаланбау тәуекелінің туындауына әкеліп соқтырады;

- 2016 жылы мекемеде бухгалтерлік есеп автоматтандырылмаған, Еxcel форматта жүргізілген, бұл өз кезегінде жұмыс көлемін көбейтіп, жұмыс көлеміне сай қызметкерлердің саны жеткілікті болмаған және (немесе) олардың біліктілігі мен тәжірибесі жоғары болмаған жағдайларда, бухгалтерлік операциялар мен оқиғалардың бухгалтерлік есепте дұрыс көрсетілмеу тәуекелін туындатады.

«Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне бюджеттік бағдарламалар бойыншабөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 11 911,6 мың теңге бюджетке қайтарылуға және қалпына келтірілуге жататын қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде:

- бюджетке өтелуге жататыны – 3 059,8 мың теңге;

- есеп бойынша қалпына келтірілуге жататыны – 8 851,8 мың теңге.

Сонымен бірге, саны 13 рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар орын алған.

Аудиторлық іс-шарамен қамтылған мемлекеттік аудит объектілерінде келесідей бұзушылықтар мен кемшіліктер орын алған:

1-тармақ. Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексінің 32-бабының талаптары сақталмай, 2016-2018, 2017-2019 және 2018-2020 жылдарға арналғанбюджеттік бағдарламалар әзірленбеген.

2-тармақ.Сондай–ақ, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 30.11.2016 ж. №629 бұйрығымен бекітілген «Бюджеттік мониторинг жүргізу туралы» Нұсқаулықтың 48-ші тармағының талабы орындалмай, Мекеме тарапынан бюджеттік бағдарламаларды іске асыру мониторингінің нәтижелері туралы есептері жасалмаған.

Мекеменің 2016-2018, 2017-2019 және 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламалары әзірленбеуіне және бюджеттік бағдарламаларды іске асыру мониторингінің нәтижелері туралы есептері жасалмауына байланысты бюджеттік бағдарламаларының іске асырылуына талдау жасау мүмкін болмады.

3-тармақ. 2017 жылы Маңғыстау аудандық білім бөлімі 040 «Мектепке дейінгі білім беру тапсырысын іске асыру» Қазақстан Республикасының 27.07.2007ж. №319 «Білім туралы» Заңының 62-бабы 4-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру кәсіпорындарын, басқа да ұйымдық-құқықтық нысандардағы білім беру ұйымдарын қаржыландыру мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде жүзеге асырылады.

Маңғыстау ауданы әкімдігінің 09.01.2017ж. №04 қаулысымен мемлекеттік білім беру тапсырысы және жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі бекітілген. Алайда, қаржы игеру барысында 7 балабақшаға мемлекеттік тапсырыс көлемінен 928,4 мың теңге артық төленген.

4-тармақ.Мекеменің қызметкерлеріне сыйақылар берілу тәртібіне жасалған ішінара тексеру барысында Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 44-ші бабының 3-ші тармағы талаптары бұзылып, 2016 жылы республикалық бюджеттен 089 бюджеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшілер еңбекақысының деңгейін арттыру мақсатында бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен Мекеменің 22.12.2016 ж. № 226-НҚ бұйрығы негізінде 3 мемлекеттік қызметкеріне жалпы сомасы 507,9 мың теңгесыйақы берілген.

Сол сияқты, көрсетілген бұйрық негізінде Мекеменің4 өзге де қызметшілеріне 72,9 мың теңге сыйақы берілген.

5-тармақ. «Балалар өнер мектебі» МКҚК-на (бұдан әрі – Кәсіпорын) бөлінген бюджет қаражатын тексеру барысында Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 44-ші бабының 3-ші тармағы талаптары бұзылып, 2016 жылы республикалық бюджеттен 089 бюджеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшілер еңбекақысының деңгейін арттыру мақсатында бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен Кәсіпорынның 38 қызметкеріне жалпы сомасы 519,1 мың теңге сыйақылар берілгені анықталды.

6-тармақ.Мекеменің мемлекеттік қызметшілердің еңбек стажын белгілеу комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 13.07.2016 ж. № 298 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жалақысын белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидасына» сәйкес, Мекеме қызметкерлерінің жұмыс өтілдерін 19.01.2016 ж. жағдайына қарап, белгілеген.

Алайда, Қазақстан Республикасы Президентінің 13.07.2016 ж. №298 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жалақысын белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидасының» 5-тармағының талаптары бұзылып, Мекеменің бухгалтерлік қызметі аталған қызметкерлер Е.Мажитовтың және А.Жайлауованың жалақыларына еңбек өтілдеріне сәйкес қайта есептеулер жүргізбеуі салдарынан жалпы сомасы 457,9 мың теңге жалақы артық төленгендігі анықталды: 2016 жылы – 259,6 мың теңге; 2017 жылы – 198,3 мың теңге.

7-тармақ.2017 жылы ҚР Үкіметінің 22.09.2000 ж. № 1428 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасы шегіндегі іссапарлары жөніндегі ереженің» 9-шы тармағының талаптары бұзылып, Мекеменің іссапарда болған қызметкерлеріне жалпы сомасы 2,3 мың теңгежолақы шығыстары кем өтелгендігі анықталды.

Мекеменің 2016 ж, 2017 ж. бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 03.08.2010ж. №393 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережесіне сәйкес жүргізілуде. Алайда, аудит барысында келесі кемшіліктер анықталды:

8-тармақ. Білім бөлімінде «1С:Кәсіпорын 8. Мемлекеттік мекемелер үшін бухгалтерлік есеп» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) 18.06.2013ж. келісім-шарт негізінде орнатылған. Алайда, ұсынылған ақпараты бойынша бухгалтерлік есеп деректерін аталған Бағдарламаға 2017 жылдан бастап жүктеген. Ал, Мекеме есепшісі А.Узақбаевамен 2017 жылға дейін Мекеменің бухгалтерлік есебі Бағдарлама арқылы және бас кітапта жүргізілмеген.

Нәтижесінде, ҚР Қаржы министрінің 03.08.2010 ж. № 393 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларының» (бұдан әрі – № 393 Қағида) 34 тармағының талабы бұзылып,операциялар мен оқиғалар есепке алу құжаттамасында тіркелмеген және олар жататын кезеңдердің қаржылық есептіліктерінде танылмаған.

9-тармақ.Аудит барысында негізгі құралдарға түгендеу жүргізілді.

Нәтижесінде, № 393 Қағиданың 36, 243 және 250 тармақтарының талаптары бұзылып, ҚР Қаржы министрінің 15.06.2010 ж. № 281 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есепке алу шоттарының жоспарының» (бұдан әрі – Шоттар жоспары) 16-тармағына сәйкес негізгі құралдарды есепке алу үшін арналған 2300 «Негізгі құралдар» кіші бөлімінің шоттарында есепке алынуы тиіс жалпы сомасы 2 943,5 мың теңге негізгі құралдарға жататын объектілер (теледидарлар, телефон аппараттары, үстелдер, орындықтар, сейфтер және т.б.) есепке алынбағаны анықталды.

Сондай-ақ, № 393 Қағиданың 336,345 тармақтарының талаптары сақталмай, 18.06.2013 жылы 54,0 мың теңгеге сатып алынған «1 С: Кәсіпорын 8. Мемлекеттік мекемелер үшін бухгалтерлік есеп» бағдарламасы материалдық емес актив ретінде есепке алынбағаны анықталды.

Бұл болса бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігінде толық және анық ақпарат берілмеуіне, сондай-ақ негізгі құралдарға жататын әрбір заттың дұрыс сақталуы мен қолданылуына бақылауды толық қамтамасыз етілмеуіне әкеліп соғады.

10-тармақ. Қазақстан Республикасының 04.12.2015 ж. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-бабының 27-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік мекемелер тапсырыс берушілер болып табылады және Заңның 1-бабына сәйкес, осы Заң тапсырыс берушінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметін орындауына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарға қолданылады.

Алайда, 2016 жылы Мекемемен Заңның 5-бабының 7-ші және 8-ші тармақтарының талаптары бұзылып, мемлекеттiк сатып алудың бекiтiлген (нақтыланған) жылдық жоспарында көзделмеген жалпы сомасы 270,0 мың теңгені құрайтын көрсетілетін қызметтердi және тауарларды сатып алуға жол берiлген.

Атап айтқанда, ЖК «У.Тулемисова» 150,0 мың теңге және ЖК «Е.Жапарбаев» 120,0 мың теңге.

«Ақбота» МКҚК-на жүргізілген үстеме бақылаудың нәтижелері:

 

1-тармақ. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 79-бабының 1, 2 тармақтарының және 103-бабының 1-тармағының талаптары бұзылып, 2016-2017 жылдары Кәсіпорынның еңбек демалысында және жалақы сақталмайтын демалыста болған 3 жұмыскерлеріне нақты жұмыс істемеген уақыттары үшін жалпы сомасы 58,3 мың теңге жалақылар есептеліп, төленген.

2-тармақ. Қазақстан Республикасының 23.11.2015 жылғы № 414-V Еңбек кодексінің 32 бабының 1 тармағының 3 тармақшасына, Білім туралы Заңның 51 бабының 1 тармағына және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 13.07.2009 жылғы №338 бұйрығымен бекітілген «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларының» 4 бөлімінің талаптары сақталмай, аудитпен қамтылған кезеңде тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық білімін дәлелдейтін құжаты жоқ 0,5 бірлік орыс тілі пәні мұғалімі қызметімен айналысып, жалпы сомасы 841,4 мың теңге еңбекақы төленген.

3–тармақ.Қазақстан Республикасының Үкіметінің 29.12.2007 жылғы №1394 қаулысымен бекітілген «Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесінің» (Күші жойылды-Қазақстан Республикасы Үкіметінің 29.10.2015 жылғы №862 қаулысымен) 7 тармағының және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 30.11.2015 жылғы №908 бұйрығымен бекітілген «Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларының» 7 тармағының талабына қайшы 2016-2017 жылдары Кәсіпорын қызметкерлерінің кезекті еңбек демалысына шығу кезінде, демалыс ақысын сол кезеңге келетін жұмыс күндерінің санын дұрыс есептемеу салдарынан 8 жағдайда жалпы сомасы 23,0 мың теңгеге демалыс ақы артық төленген.

Сондай-ақ, 2016-2017 жылдары Кәсіпорын қызметкерлерінің кезекті еңбек демалысына шығу кезінде, демалыс ақысын сол кезеңге келетін жұмыс күндерінің санын дұрыс есептемеу салдарынан 9 жағдайда жалпы сомасы 39,0 мың теңгеге демалыс ақы артық төленген.

4-тармақ.Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 22.09.2000 ж. № 1428 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасы шегіндегі іссапарлары жөніндегі ереженің» 9-тармағының 2, 3 тармақшаларының талаптары бұзылып, 2016 жылы іссапарда болған қызметкерге жалпы сомасы 42,9 мың теңге тұрғын үй-жайды жалдау және жол жүру бойынша іссапар шығыстары негізсіз, артық өтелгені анықталды.

5-тармақ. Кәсіпорынның қызметкерлеріне сыйақылар берілу тәртібіне жасалған тексеру барысында Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 44-ші бабының 3-ші тармағы талаптары бұзылып, 2016 жылы республикалық бюджеттен 089 бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделіне көшуге, сонымен қатар лауазымдық айлықақыларына ерекше еңбек жағдайлары үшін ай сайынғы үстемеақы төлеуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен Кәсіпорынның 14.12.2016 ж. № 64 бұйрығы негізінде 31 қызметкерге жалпы сомасы 174,0 мың теңгесыйақылар берілгені анықталды.

6-тармақ.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 Қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесі» негізінде бекітілген Кәсіпорынның штаттық кестесінде көзделмеген лауазымдық қызметтер (ЭОЖ маманы және вахтер) бойынша 2017 жылы қыркүйек айында 2 қызметкерге жалпы сомасы 66,4 мың теңге жалақы төленген.

7-тармақ.Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2007 жылғы 23 мамырдағы №185 бұйрығымен бекітілген «Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспарының» 20-тармағының талаптары бұзылып, есептен шығарудың тәртібі сақталмай, 2016-2017 жылдары негізгі құралдарға жататын жалпы сомасы 133,5 мың теңге объектілер (орындықтар, үстелдер және т.б.) қорлар ретінде шығысталып кеткен: 2016 жылы – 47,0 мың тенге, 2017 жылы – 86,5 мың теңге.

Осылайша, бухгалтерлік есепке алу тәртібінің сақталмауы, негізгі құралдардыңшығысталуы бақылаудың қамтамасыз етілмеуі себепті шығысталып, жоқ болуына әкеліп соқтырған.

Нәтижесінде «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Заңның 4-бабында көрсетілген ұйымдардың қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етуге қатысты талабы бұзылған.

8-тармақ. Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2007 жылғы 23 мамырдағы №185 бұйрығымен бекітілген «Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспарының» 20-тармағына сәйкес негізгі құралдарды есепке алу үшін арналған 2300 «Негізгі құралдар» кіші бөлімнің шоттарында есепке алынуы тиіс жалпы сомасы 5 720,8 мың теңге негізгі құралдарға жататын объектілер (теледидар, телефон аппараты, орындықтар, үстелдер, сейф және т.б.) Шоттар жоспарының 1300 «Қорлар» кіші бөлімі шоттарында есепке алынғаны анықталды. Яғни, Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы Заңның 4 бабының талабы бұзылып, Кәсіпорын қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етілмеген.

Нәтижесінде «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Заңның 4-бабында көрсетілген ұйымдардың қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етуге қатысты талабы бұзылған.

9-тармақ. Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы Заңның 8 бабының 1 тармағының 1 тармақшасының талабы бұзылып, Кәсіпорынның есеп саясаты уәкілетті органмен келісілмеген.

10-тармақ. Аудит барысында Кәсіпорын теңгеріміндегі негізгі құралдарға түгендеу жүргізу кезінде есепке алынбаған 2012 жылы демеушілікпен келген 2 дана «ОТАУ ТВ» роутері бар екендігі анықталды. Аталған бұзушылық Есеп саятының 1.4.2. тармағының «қор артықтылығы нарықтық бағамен кіріске енгізіледі» деген талабы сақталмаған.

Нәтижесінде «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Заңның 4-бабында көрсетілген ұйымдардың қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етуге қатысты талабы бұзылған.

11-тармақ. Кәсіпорын мен «Дария» МКК арасындағы салыстыру актісіне сәйкес жалпы сомасы 1 958,4 мың теңге (31.12.2016 жыл жағдайына 452,8 мың теңге және 31.12.2017 жыл жағдайына 1 505,6 мың теңге) кредиторлық берешек қалыптасқан.

Алайда, Кәсіпорынның бухгалтерлік балансына сәйкес аталған кезеңдерде кредиторлық берешек көрсетілмеген.

Нәтижесінде «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Заңның 4-бабында көрсетілген ұйымдардың қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етуге қатысты талабы бұзылған.

12-тармақ.Кәсіпорның жарғысының 27 тармағының 11 тармақшасына сәйкес балабақша директоры Кәсіпорынға бекітіліп, берілген мүліктің дұрыс сақталуын және тиімді пайдалануын қамтамасыз етпеген.

Алайда, тексеру кезінде Кәсіпорынның мүлкі (автокөлік ВАЗ 21214 маркалы мемлекеттік номері KZ 960 АК/12) директордың өз міндеттеріне немқұрайлы қарауы себебінен 2018 жылдың қаңтар айында жұмыстан шығып кеткен жүргізуші І. Нұрланның Шебір ауылы, Әуеталық Қожыр көшесі №14 үйінің қасында қараусыз тұрғаны анықталды.

13-тармақ.Қазақстан Республикасының 04.12.2015 ж. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 7-ші тармағының талабы бұзылып, мемлекеттiк сатып алудың бекiтiлген (нақтыланған) жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделмеген жалпы сомасы 239,8 мың теңгені құрайтын тауарларды сатып алуға жол берiлген.

Атап айтқанда, ЖК «Алтынназаровпен» арадағы жасалған 01.04.2016 жылғы №4 келісім шартына сәйкес 135, 7 мың теңге, 01.04.2016 жылғы №5 келісім шартына сәйкес 104, 1 мың теңге.

14-тармақ. Сонымен қатар, Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы Заңның 7 бабы 1 тармағының талабы сақталмай, 2016, 2017 жылдары Кәсіпорынмен мердігерлерден жалпы сомасы 11 074,9 мың теңгеге тамақ өнімдерін сатып алынғаны туралыбастапқы құжаттары алынбаған.

15-тармақ.Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 615 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының» (бұдан әрі - №615 Қағида) 102 тармағының талабына сәйкес тез бұзылатын тамақ өнімдері тоңазытқыштарда жүзеге асырылу керек еді.

Алайда, 2016 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Кәсіпорында 2 камералық тоңазытқыш істен шығып тұр. Соның салдарынан қараша-желтоқсан айларында және 2017 жылдың қаңтар айында жалпы сомасы 5,0 мың теңгеніқұрайтынтағамдар бұзылуына байланысты жарамсыз күйде қалған.

Сонымен қатар, №615 Қағидаға сәйкес бекітілген балаларды тамақтандыру нормасында көзделмеген жалпы сомасы 102,6 мың теңгеге тағам сатып алынған.

16-тармақ.Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі № 172 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер стандарттарының» 2-тарауының талабы сақталмай, Кәсіпорын директоры С. Кужекова 2016 және 2017 жылдың кейбір айларында сыйымдылығы 50 орындық балабақшаға нормадан артық, яғни саны орта есеппен 2-5 дейін балаларды жолдамасыз қабылдап отырған.

17-тармақ. Сонымен қатар, 2016-2017 жылдары Кәсіпорын Жарғысының 53 тармағының талабын бұзып, ата-аналармен Кәсіпорын арасында келісім шарт жасамастан директор С. Кужекова ата-аналардан жалпы сомасы 167,7 мың теңге қолма-қол ақшаны алып, Кәсіпорынның есеп-шотына түсірмей, өзіне алып отырғаны белгілі болды.

III. Жиынтық бөлік

3.1. Мемлекеттік аудит барысында қабылданған шаралар:

 

Аудит барысында Мекемемен 1 684,0 мың теңге және «Ақбота балабақшасы» кәсіпорнымен жалпы сомасы 167,7 мың теңге бюджетке өтелді.

 

3.2. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша тұжырымдар:

 

Мемлекеттік аудит объектілерінде сәйкестік аудиті «Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының сақтауын тексеру» базалық көрсеткіші негізінде жүргізілді.

«Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне бюджеттік бағдарламалар бойыншабөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 11 911,6 мың теңге бюджетке қайтарылуға және қалпына келтірілуге жататын қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде:

- бюджетке өтелуге жататыны – 3 059,8 мың теңге;

- есеп бойынша қалпына келтірілуге жататыны – 8 851,8 мың теңге.

Сонымен бірге, саны 13 рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар орын алған.

Аудиторлық іс-шарамен қамтылған мемлекеттік аудит объектілерінде келесідей бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда:

- Мекемеде бухгалтерлік есеп және есептілік тиісті деңгейде жүргізілмеген. 2016 жылы Мекеменің бухгалтерлік есебі Бағдарлама арқылы және бас кітапта жүргізілмеген;

- аудитпен қамтылған кезеңде бюджеттік бағдарламалар жасалып, бекітілмеген;

- жалақы, сыйлықақы, үстемеақы, іссапар шығындарын есептеу және төлеу кезінде жалпы сомасы 1 963,7 мың теңге қаржылық бұзушылықтарына жол берілген;

- Мекемемен мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарымен көзделмеген тауарлар, қызметтер мен жұмыстар сатып алынған;

- Кәсіпорынның 2016, 2017 жылдардың бухгалтерлік балансында кредиторлық берешек көрсетілмеген;

- Кәсіпорынға бекітіліп, берілген мүліктің дұрыс сақталуы және тиімді пайдалануы қамтамасыз етілмеген;

Сонымен қатар, 2016-2017 жылдары ата-аналармен Кәсіпорын арасында келісім шарт жасамастан директор С. Кужекова Кәсіпорынға тіркелмеген балалардың ата-аналарынан жалпы сомасы 167,7 мың теңге қолма-қол ақшаны алып, Кәсіпорынның есеп-шотына түсірмей, өзіне алып отырғаны белгілі болды.

Мемлекеттік аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер жауапты лауазымды тұлғалардың өз міндеттеріне жауапты қарамауы себепті орын алып отыр. Сонымен бірге көрсетілген заң бұзушылықтар фактілері Мекеменің қаржы сұрақтарына жауапты қызметкерлерінің бухгалтерлік есеп жүргізуге қатысты Қазақстан Республикасы заңнама талаптарын жетік түрде меңгермегенінен болып отыр.

 

3.3. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша ұсынымдар:

Жоғарыда айтылғандарды талдай келе төмендегілерді ҰСЫНАМЫН:

 

1. Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының отырысында«Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне бюджеттік бағдарламалар бойынша бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын қарауды ұсынамын.

2. Маңғыстау ауданының Әкіміне 2019 жылдың 1 наурызына дейін (Ж. Айтуаров):

1) Бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша Маңғыстау аудандық білім бөлімі басшысының тәртіптік жауапкершілігін қарауды;

2) Маңғыстау аудандық білім бөлімінің штаттық кестесіне мемлекеттік қызметкерлер есебінен бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүргізуге жауапты маман бірлігін қарастыруды ұсынамын.

3. «Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (С.Калиева)2018 жылдың 24 желтоқсанына дейін:

1) Жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша«Ақбота» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорныдиректорының тәртіптік жауапкершілігін қарауды;

2) Кәсіпорынның балансындағы пайдаланылмай тұрған ВАЗ 21214 маркалы, мемлекеттік номері KZ 960 АК/12 автокөлікбойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдауды;

3) Мекеменің қаржы сұрақтарына жауапты қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды;

4) Тексеру комиссиясының 03.10.2018ж. аудиторлық есебінде көрсетілген кемшіліктерді талқылау үшін және бұдан әрі осындай кемшіліктерді болдырмау мақсатында аудитпен қамтылған кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен жиналыс өткізіп тиісті шаралар қабылдауды ұсынамын.

4. Осы Аудиторлық қорытындымен берілген ұсынымдардың орындалуы туралы ақпаратты 2018 жылдың 24 желтоқсанына дейін Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясына хабарлау тапсырылады.

5.«Маңғыстау аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесімен жалпы сомасы 1 851,7 мың теңге қаражаттың бюджетке өтелгендігін ескеруді ұсынамын.

 

3.4. Қосымша: ( парақ)

 

Тексеру комиссиясының мүшесі Ж. Кошмагамбетова

 

 

Иманбердиев Нұржан Доғдырқұлұлы
Блог председателя